LANG_USER_MENU_CLEAR

Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың Наурыз мейрамымен құттықтауы

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!

Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Халықтың ертеден келе жатқан таным-түсінігімен, әдет-ғұрпымен, табиғатпен етенелігімен астасып жатқан, Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл саналатын бұл мереке бүгінгі күні жалпыхалықтық сипатқа ие болды.

Көктемнің шуақты шағында Күн мен түн теңеледі, бұлақтар көзін ашып, ағаштар бүр жарады, күллі тіршілік атаулы ұйқыдан оянып, жаңғыру мен жаңаруды бастан кешіреді. Табиғат-Анамен бірге адамзат атаулы да жақсылықтың жаршысы, ізгіліктің бастамашысы болған осы мерекеге ерекше ілтипатпен қарайды.

Мейірім мен молшылықтың, бірлік пен ынтымақтың символындай, еңбекке баулудың үлгісіндей болған әз-Наурыз мейрамын барша қазақстандықтар, оның ішінде Жетісу халқы да үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр.

Өткен жылды тоқ пейілмен шығарып салып, 2017 жылды үлкен міндеттермен, ауқымды арман-мақсаттармен қарсы алдық. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы мен тапсырмаларын жүзеге асырудың жаңа жоспары негізінде экономикамыздың барлық салаларында атқарылар істер айқындалды.

Күні кеше ғана Алматы қаласымен қатар облыс аумағында қысқы Универсиада ойындарын абыроймен өткіздік. Санаулы уақыттан кейін ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілер Қазақстанның көрнекті орындарын, соның ішінде Жетісу өлкесінің табиғаты айшықты өлкелерін тамашалайтын болады. Еліміздің мәртебесін көтеретін айтулы шараларға Жетісу өңірінің белсене қатысуы – біз үшін міндет әрі мақтаныш.

Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ортақ мақсатқа жұмыла кіріссек халықтың дастарханы дәмге, шаңырағы ырысқа толы осындай берекелі ғұмырымыз баянды болатыны сөзсіз.

Қадірлі жетісулықтар!

Осы айшықты мерекеде әрқайсыларыңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға молшылық пен бақ-береке тілеймін. Жаңа жылымыз - әз Наурыз әр шаңыраққа шаттық нұрын себе берсін.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!



Источник:
kapinfo.kz
16:30
1909
BIGNEWS

Comments

No comments yet. Yours will be first!
Новости Партнеров: