МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МАҢЫЗЫ МЕН РӨЛІ
2015 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің 5 институционалдық реформасы аясында «100 нақты қадам - Ұлт жоспарын» айқындап берген болатын. Аталған ресми бағдарлама кәсіби, ықшамдалған, бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппаратты құруға негізделді. Осы жоспардың алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызмет саласын жандандыруға бағытталды.
Аталған реформа негізінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң қабылданып, ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл заңмен Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшудің құқықтық негіздері анықталған.
Демек біздің алдымызда ашық, құқылы әрі қызмет көрсететін институт ретінде кәсіби мемлекеттік аппарат құру тапсырмасы тұр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтің сапасын оған деген халықтың сенімін арттыру, мемлекеттік қызметтің беделін жоғарылату, сондай-ақ, жоғарыда аталған стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің басым бағыттарының бірі кадрларды алу, даярлау әрі алға жылжыту болып табылады.
Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жасауда өзіміздің және шетелдің жақсы нәтиже берген тәжірибелері біртіндеп жинақталған. Бүгінде мемлекеттік қызметтің бірыңғай мемлекеттік биліктің заң шығаратын, атқарушы және сот сияқты салаларға бөлінуіне қарамастан барлық ұйым түрлеріне бірдей негіз бен ұстаным құрудың қажеттілігі анықталды. Бұл бағытта саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдар тізілімін, қызмет пен мамандықтың сәйкестігін, іріктеу рәсімін, кадрларды орынды пайдалану, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуы мен еңбегін ынталандыру механизмін, кадрларды оқыту бағдарламасын жасау, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби қабілеттілігі мен еңбек нәтижесінің бағалануын қамтамасыз ету алдыңғы саптағы маңызға ие.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет реформасы жаңа экономикалық шарттарға икемделген, мемлекеттің ішкі, сыртқы саясаттың жүзеге асуын сапалы жаңа деңгейде қамтуға қабілетті кадрлық потенциалы бар. Ол үшін өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің бойынан іскерлік қасиеттері мен әдебі табылуы тиіс.
Елбасы «Қазақстан - 2030» Стратегиясында «жаңа генерация шенеунігі – ол ұлттың қызметшісі, патриотты әрі әділ, өз ісіне адал кәсіпші», - деп атап өтті. Қазіргі мемлекеттік қызметтен қоғамның күтетіні де осы.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Кенжебеков Төлеген
Comments