Ұлттық ұланда Тілдер фестивалі өтті

Ұлттық ұланда Тілдер фестивалі өтті

Әр халықтың ең басты байлығы ол ана тілі. Ол әр халықтың тарихтан тамыр тартар дәстүрі мен мәдениетін сабақтастырған ұлттық коды, елдің жаны, күретамыр өзегі.

22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері меркесі болып жарияланғанына да біршама уақыт өтті. Тарихқа көз жүгіртсек, 1989 жылы дәл осы күні елімізде алғаш рет «Тілдер туралы» Заң қабылданған болатын.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Қазіргі таңда Ұлы дала елінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Және олардың әрқайсының ана тілі мен ата дәстүрі бар. Әр ұлттың өз ана тілінде сөйлеп, дамытуына, өркендетуіне барлық жағдай да жасалған. Яғни, әр ұлттың тіл, салт-дәстүрі сияқты айрықша құндылықтарына жоғарғы деңгейде құрмет білдіріледі.
25 қыркүйек күні осы аталған мерекеге орайластырылып Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылылығының ұйымдастыруымен «Тілге құрмет - елге құрмет» атты Тіл фестивалі өтті.
Оған Алматы қалалық әкімдігінің, қалалық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясының, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Алматы қаласы филиалының өкілдері, сондай-ақ қаладағы түрлі ұлттық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қонақ болса, шараны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен 5571 әскери бөлімінің офицерлері мен жауынгерлер құрамы тамашалады.
Өзінің құттықтау сөзінде Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Осетин этно-мәдени орталығының төрағасы Қазбек Мамсуров: «Тіл тек тілдесу құралы ғана емес, халықтар арасындағы достықтың дәнекері болып табылады. Қазір Қазақстанды төрткүл дүние таниды, мойындады. Бұл орынсыз мақтаныш емес, ақиқат айғағы. Мұндай мерейге, абыройға ие болуымыздың басты негізі – ол Қазақстанды өз Отаны санайтын сан алуан халықтың татулығы, достығы екені даусыз. Ана тілі – адамның ғұмыр бойғы серігі, рухани қуаты. Бұл күн – Ана тілін асқақтату арқылы өзіндік болмыс-бітімін айшықтай түсуге ұмтылған түрлі ұлыстардың тілегінен туған мереке. Олай болса, баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын», - деп атап өтті.
Ал Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Ниязова да Тілдер мерекесінің мән-маңызына тоқталып, Елбасының салқалы саясатының арқасында Қазақстанның жеткен жетістіктерін баяндаған тағылымды әңгіме өрбітті. «Қазақстан түрлі-түсті металдарымен, көмірі, мұнайымен және басқа да қазба байлықтарымен мақтана алады. Алайда ең басты байлығы – ұлттар мен ұлыстар. «Халықтар достығының лабороториясы» деп аталатын туған өлкеміз әр ұлт өкілдерін орасан зор сүйіспеншілікпен өз құшағына құшты. Қанша ұлт болса, сонша салт-дәстүр, бір-біріне еш ұқсамайтын билері мен әндері бар. Бірақ біз достық тілінде тілдесіп үйренгенбіз. Ал достық тілінен артық тіл бұл әлемде жоқ. Бірлікті басты бақ санаған Қазақ елі сонысымен де бүкіл әлемге үлгі», - деп тоқталды.
Тағылымды шара барысында әр ұлт пен ұлыстардың Қазақ жеріне қоныстану тарихынан сыр шерткен тарихи мәліметтер, сондай-ақ салт-дәстүлері жайлы тағылымды баяндамалар жасалды. Соңынан Қазақ елінің жаһандық даму үрдісінен қалмауы үшін замана ұсынып отырған талап –үштілділіктің үлкен мәні жайлы толғақты ойлар айтылды. Сондай-ақ, орыс, грузин, осетин, армян, татар, неміс, өзбек, тағы басқа ұлттар мен ұлыстардың қоғамдық бірлестіктерінің өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, көрермендердің ықыласына бөленеді.
Шараның соңында Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі аға офицері майор Данара Баймағанбетова жиналған қауымды Тілдер меркесімен құттықтап, атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, оларды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтановтың атынан Алғыс хаттармен марапаттады.


Источник:
kapshagai.kz
09:13
195

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Новости Партнеров: