Агенттікте «Берекелі жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылуда

Агенттікте «Берекелі жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылуда

BigNews.kz |Бүгін Агенттік алаңындағы баспасөз мәслихатында «Берекелі жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылуы туралы айтылды.

Аталған жоба туралы толыққанды мәлімет беріп, жұртшылықты таныстыру үшін «Қазақстанның әл-ауқаты» қоғамдық бірлестігінің өкілі Мадина Балғабаева шақыртылды. Ал нақты Агенттіктегі атқарылған шаралар туралы кадр жұмысы департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтып өтті.

2018 жылғы Дүниежүзі Үкіметтік саммитінде Біріккен Араб Әмірліктері бастамасы бойынша бақыт пен игілік жаһандық коалициясы құрылып, оған Қазақстан да кірген.

Коалицияның мақсаты жаһандық диалогты ілгерілету, озық тәжірибе мен білім алмасу, бақыт пен жалпыға ортақ игілікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру болып табылады. Сондықтан да қолайлы қоғамды құру міндеттеріне қол жеткізу – бұл тек қоғамдық бастама ғана емес, сонымен қатар коалицияға мүше болу шеңберіндегі мемлекеттік міндет.

«Берекелі жұмыс орны» жобасының міндеті – жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту саласындағы халықаралық тәжірибені бейімдеу, жұмыс орнының әл-ауқатын арттыру тетіктерін әзірлеу болып табылады», – деді М. Балғабаева.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік органдар арасынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі жұмыс орындарындағы қолайлы жағдайды бағалау жөніндегі бірінші болып «Берекелі жұмыс орны» жобасын іске асыруда.

Жоба 8 блоктан тұрады: мекеменің құндылықтары, кәсіби дамуы, мотивациясы, құқықтық қорғалуы, ұжымның бірлігі. денсаулыққа жәрдемдесу, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік.

«Аталған көрсеткіштер бойынша тәуелсіз сарапшыларымен жүргізілген зерттеу нәтижесінде қызметкерлердің 96%-ы Агенттіктің мақсаты болып табылатын әділеттілік, парасаттылық және сенімді саналы түрде қабылдайтынын көрсетті», – деді Н. Жақсымбетов.

Мәліметке сүйенсек, Агенттік қызметкерлерінің қаржылық мотивациясы жоғары көрсеткіштерге ие (86%). Респонденттердің 80%-ы тікелей басшылар өз қарамағындағы адамдардың еңбегі мен кәсіби қасиеттерін бағалауда объективтілік көрсетілетіндігін айтса, 81%-ы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тұлғалық дамып, кәсіби шыңдарда көріну мүмкіндігі бар деп санайды.

Сондай-ақ, қызметкерлердің 79%-ы ұйым жемісті жұмыс істеу үшін қажетті ресурстармен (оқыту, жабдықтар, ақпарат және т.б.) қамтамасыз ететіндігін жеткізген.

Агенттікте жаттығу залы бар, йогадан сабақтар өткізіледі, спорт ойындары ұйымдастырылады. Арнайы жабдықталған психологиялық көмек және жеңілдету кабинеті де жұмыс істейді.

Ертеңгі күнге деген сенім, жұмыстағы тұрақтылықтың бір кішігірім мысалы ретінде Агенттік қайта құрылуынан кейін 11 қызметкердің отбасалы болып, 33 сәби дүние есігін ашқанын айтуға болар.

«Алайда, Агенттік басшылығы тарапынан көңіл аударып, дамытуды талап ететін сұрақтар та табылды. Мысалы, қызметкерлердің 73% - ы жұмыс пен жеке өмір арасында теңгерім жоқ деп санайды. Бұл жағдай органның жұмыс ерекшелігіне байланысты нормаға сәйкес емес жұмыс кестесімен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта Агенттік басшылығы жұмыс уақытының оңтайландыру бойынша шаралар қабылдауда», – деп сөзін қорытындылады кадр департаментінің басшысы.

Жалпы, «Берекелі жұмыс орны» жобасы органның ұзақ мерзімді тиімділігіне әсер ететін қолайсыз факторларды анықтайды және еңбекті ұйымдастыру мен қызметкерлердің қанағаттандырылуын жақсарту тәсілдерінің бірі болып табылады.

Агенттік үшін адам капиталы – ең маңызды ресурс.

17:18
177

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Новости Партнеров: