LANG_USER_MENU_CLEAR

Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың Жаңа 2017 жылмен құттықтауы

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!

Сіздерді Жаңа 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

2016 жыл біз үшін аса елеулі жыл болды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын жан-жақты кең көлемде атап өттік. Ширек ғасыр ішінде еліміздің жүріп өткен жолын, кешегісі мен бүгінін сараптадық. Әлемдік қауымдастық алдында беделіміз бекемдене түсті, халқымыздың тұрмыс жағдайы ілгерілеп, экономикалық қуаты артты. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген көшбасшылығымен Ұлы Дала елі ұланғайыр істерді атқарды, алда белгіленген межелер одан да биік.

Табалдырығымыздан аттағалы отырған 2017 жылы қазақстандықтардың ел болып еңсерер белестері, жұрт болып жұмылар шаруасы ауқымды. Мемлекетіміздің әлеуетін әлемге паш ететін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін, Халықаралық қысқы Универсиада жарысын өткізу Қазақстанның үлесіне тиіп отыр. Мұндай дүниежүзі көз тіккен маңызды шаралардың елімізде өтуі – біз үшін үлкен абырой, әрі зор жауапкершілік. Оларды лайықты дәрежеде атқаруға Алматы облысы да атсалысатын болады.

Құрметті жетісулықтар!

Жаңа жыл – тың бастамалар мен жоспарлардың кезеңі, әр адамның өз арман-тілектерін, сенімін еселеп, болашағына үлкен үміт артатын шақ. Барша халық асыға күтетін осы мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен ынтымақ ұялап, бақ-береке дарысын деп тілеймін!

Алдағы жылда да бейбіт те берекелі қалпымыздан жазбай, қашанда жаңа күндер мен жарқын сәттерге куә болып жүрейік! Айдан аман, жылдан есен болып, еліміздің бақыты еселеніп, өрісі кеңейіп, табысы таси берсін!

Жаңа жыл құтты болсын!



Источник:
kapinfo.kz
11:35
1715
BIGNEWS

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Новости Партнеров: