Жалақыны көбейтуді - жұмыстың тиімділігін арттыру деп түсінуіміз қажет

Жалақыны көбейтуді - жұмыстың тиімділігін арттыру деп түсінуіміз қажет

BigNews.kz |

2018 жылғы 09 қазанда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаевтың қатысуымен брифинг өтті.

БАҚ өкілдерінің алдында Елбасы өзінің 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік аппараттың алдына қойылған тапсырмалар туралы айтылды.

Биылғы Жолдау қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған 6 нақты қадамды атап өтті. Аталған маңызды қадамдардың бірі азаматтар мен қоғам сұраныстарына бағытталған мемлекеттік аппаратты құру болды.

Мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі қалыптасуы тиіс, ол сапалы қызмет көрсету мен өзін-өзі жетілдіру қағидатына негізделетін болады.

Өз сөзінде С. Нұрғисаев: «Облыс орталығында ашылған Мемлекеттік басқару академиясының филиалымен бірлесіп бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Атап өтсем, биылғы жылы жергілікті атқарушы органдардың 1200 мемлекеттік қызметшісін қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курстарында оқыту жоспарланған, бүгін оның 77%-ы орындалды, яғни 927 мемлекеттік қызметші оқу курстарын аяқтады», - деп айтты.

Мемлекеттік қызметке деген қызығушылықты арттыру, бәсекеге қабілетті кәсіби мамандарды тарту мақсатында елімізде біршама жұмыстар жүргізілуде. Биыл 4 мемлекеттік орган қызметшілеріне пилоттық жоба шеңберінде факторлы баллдық шкала негізіндегі жалақы төленіп келеді. Жалақы төлеудің жаңа жүйесінің негізгі аспектілері мыналар:

1)Аймақтар мен орталықтағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысындағы сәйкессіздіктің қысқаруы (Жалақы мөлшеріндегі айырмашылық 70%-дан 10%-ға қысқарып отыр).

2)Кадрлардың кетуін қысқарып, мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етуі және кадр потенциалының нығаюы.

«Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары», - деп Елбасының өзі мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жоғары нәтиже көрсеткенін айтты.

Департамент басшысының айтуынша бүгінде облыс әкімдігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметі мен өз ішіндегі кадр, бухгалтерия және заңгер қызметін оңтайландыруды жүзеге асыру арқылы келесі жыл басынан жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметшілерінің жалақысын 2-2,5 есеге арттыруға дайындықты жүргізуде.

Елбасы атап өткендей, ең бастысы – әр мемлекеттік қызметші мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі қажет. Ал еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстау арқылы жүзеге асыралатын болады.

15:04
27

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Новости Партнеров: