Сенаторлар зор сенім білдірді

Сенаторлар зор сенім білдірді

BigNews.kz | Кеше, 2017 жылдың 19 қыркүйегі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері мемлекет және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы облысындағы әскери құрылымдарында арнайы іссапармен болып, әскери бөлімшелердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Атап айтқанда, құрамында Талғат Мұсабаев, Дархан Қалетаев сынды депутаттар бар сенаторлар тобы Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған Орталықтың жұмысымен танысты.
Кездесу барысында Қазақстан Респуликасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Фатихұлы Жақсылықов депутаттарды арнайы мақсаттағы бөлімшелердің дайындығымен, сондай-ақ олардың шеберлігін пысықтайтын Орталық жұмысымен және қызметтік алдағы жоспарларымен таныстырады.
Өз кезегінде, сенаторлар өңірдегі қорғаныс жүйесін жетілдіру мен күш-қуат органдарының әлеуетін арттыру бағыттарын талқылады.
«Ұлттық ұлан еліміздегі ішкі қауіпсіздігімізді сақтау міндеттері жүктелген әлеуеті зор кұш-құрылым. Қазіргі таңда ұландықтар өздерінің алдына қойылған міндеттерді зор абыроймен атқарып келеді. Ведомствоның техникалық базасын заманауи үлгіде жасақтауға, әскери қызметшілердің алаңсыз қызмет атқаруы үшін біз өз тарапымыздан барлық жағдайды жасай беретін боламыз. Еліміздің басты заң шығарушы органы – Парламентте ел қауіпсіздігіне қатысты, оған жауапты құзырлы органдардың аясында қандай мәселелер бар, оны шешу жолдары, күш-қуат құрылымдарын одан ары жетілдіру, заманауи деңгейде алға ілгерлету жолында біздің сенаторлар құрамы жергілікті жерлерді аралап, жағдайы, әскерилеріміздің тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп шықтық. Ең бастысы, бұл шаралардың барлығы да ел қауіпсіздігі жолында атқарылып отырған істер», - деп атап өтті.
Іссапар барысында сенаторлардың назарына техниканың, қару-жарақ пен қорғау құралдарының жаңа үлгілері, сондай-ақ аса жауапты жауынгерлік-барлау тапсырмаларын орындауға міндеттелген «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының жауынгерлік дайындығын арттырудағы жаңа заманауи әдіс-тәсілдер көрсетілді.
Атап өтер болсақ, өткен 2016 жылы 29 сәуірде Алматы облысы Заречный кентінде Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған аталған Орталығы салтанаты түрде ашылған болатын.
Қазақстан Республикасы ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған жаңа Орталықтың таныстырылымынан кейін Мемлекет басшысының назарына «Қайсар - 2016» кешенді оқу-жаттығуы ұсынылады. Оған Мемлекеттік күзет қызметінің «Қалқан», Ұлттық ұланның «Бүркіт», Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар», Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан», ҰҚК Шекара қызметінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшелері мен Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының күш-құралдары жұмылдырылды. Сондағы «Қайсар-2016» кешенді оқу-жаттығуында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің терроризмге қарсы іс-қимылдары пысықталды.
Қазақстан ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған жауынгерлік және әдістемелік дайындық Орталығықта 500 адамға арналған казарма, 400 орынға арналған клуб, заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған 250 орындық асхана, 36 пәтерлі жатақхана, медициналық пункт, 2 қабатты спорт кешені, спорт алаңдары, саптық алаң, кинологиялық қалашық, автотехника паркі, монша-жуу комбинаты, жылыту қазандығы, тауар-материалдық құндылықты сақтауға арналған қоймалар, ішкі қарауыл ғимараты және бақылау-өткізу пункті салынған.
Қорыта айтқанда, ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне арналған Орталықтың инфрақұрылымы арнайы құрылымдардың күнделікті және туындаған төтенше жағдайлар кезінде жүктелген міндеттемелерді лайықты орындау үшін жауынгерлік дайындықтарын кәсіби тұрғыда жетілдіріп, шыңдалуға бірден-бір зор мүмкіндік беретін аса маңызы нысан болып табылады.


Майор Арман Әубәкіров,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметінің бастығы


Источник:
18:35
364

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Новости Партнеров: