СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҒАСЫР ІНДЕТІ

Тип статьи:
Авторская
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҒАСЫР ІНДЕТІ

Қазіргі таңда біз жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз десек те, сол қоғамды шырмап алған дерт – сыбайлас жемқорлықты әлі күнге жеңе алмай келеміз.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықпен күресті зерттейтін халықаралық «Трансперенси интернэшнл» тәуелсіз ұйымының статистикасында Қазақстан 2016 жылдың қорытындысы бойынша 131-орында тұр. Әрине, ол алдыңғы жылдармен салыстырғанда дұрысталған, бірақ, салыстырмалы түрде алғанда, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдердің қатарында жүрміз.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін бірінші кезекте елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Себебі, елдің өркендеуі, оның мемлекеттілігінің мызғымастығы әрбір азаматтың міндеті. Ал әрбір азаматтың сыбайлас жемқорлықпен күреске атсалысуы оның ұлттық санасы мен тәрбиесіне тікелей байланысты.

Осы орайда, Әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі әлі де өз маңыздылығы мен өзектілігін жоғалтқан емес. Себебі, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үлкен тәрбие мен саналықты қажет ететін функционалды үздіксіз үрдіс.

Жалпы сыбайлас жемқорлықтың орын алуына ықпал ететін факторлар әр алуан. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдағы әділдік ұғымы заңдылықпен қаншалықты сәйкес болса, сол қоғам жемқорлық секілді індеттен соғұрлым азат болады екен. Мысалы, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы оң іс-қимыл әрекетін ұстанған АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Малайзия, Сингапур, Ұлыбритания сияқты өркениетті мемлекеттердің іс-тәжірибесінде әділдік пен заңдылық синоним ұғымдар болып табылады. Сингапур көсемі Ли Куан Ю айтқандай «Елдің дамуы үшін демократия емес, ең алдымен, еңбекқорлық пен тәртіп керек. Өйткені, шектен шыққан демократия тәртіпсіздік пен берекесіздікке соқтырып, дамуға қолбайлау болады».

Соған байланысты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда келесі алғы шарттарды одан әрі тиімді жүргізу қажет:

- халықтың рухани-патриоттық сезімін ояту;

- қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік психологиясын қалыптастыру;

- мемлекеттік қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік салдарын саналы түрде ұғындыру;

- халыққа құқықтық сауатсыздықты жоятын құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру.

Ескеретін бір жәйт, қазіргі уақыттағы қиын қыстау дағдарыста халықтың үкіметке, мемлекеттік қызметкерге деген сенімділік дәрежесін одан әрі арттыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі баспалдағы болып табылады. Себебі, мұндай сенімділік орнамаған жағдайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары немесе әдістеріайтарлықтай нәтиже бермейтіні анық.

Соған байланысты, Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт кезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз!» деген болатын.

Әрине, Елбасының саясатын жүзеге асырушы, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметкер болып табылады. Ол – тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі құраушы бөлігі. Германияның бірінші канцлері О.Бис­марк «Шенеуніктер жақсы болса, заңның шикілігіне қарамастан, елді дұрыс басқаруға болады. Ал шенеуніктер жаман болса, ешқандай да жақсы заң мемлекетті құтқара алмайды», - деген екен.

Сондықтан да еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!» деп Елбасы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың «ақ туын» абыроймен ұстауымыз қажет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар демекші, біз қайда жүрсек те, қандай қоғамда өмір сүрсек те, қай салада еңбек етсек те сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрқайсымыздың адами парызымыз екенін естен шығармауымыз қажет деп санаймын.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас маманы Ринат Рысбеков

статьи, разные, интересные, полезные на bignews.kz
1005

Комментарии

Нет комментариев. Ваш будет первым!
Новости Партнеров: